Ссылки доступа

Лукашенко 37 саяси тұтқынға рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды


Дүйсенбі күні Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко "экстремистік әрекеті" үшін сотталған 37 саяси тұтқынға рақымшылық жасау туралы жарлыққа қол қойды.

Азаттықтың Белорус қызметінің хабарлауынша, олардың арасында алты әйел бар. Түрмеден босағандар арасында зейнет жасындағы адамдар мен ауруға шалдыққан сырқаттар да бар.

Лукашенконың баспасөз қызметі саяси тұтқындарға бостандық беруді "мемлекеттің тағы бір гуманды әрекеті" деп атады. Баспасөз қызметінің айтуынша, босатылған азаматтардың барлығы "істеген әрекеттеріне өкініп, заңға бағынып өмір сүруге уәде берген". Елде рақымшылық туралы жарлық 17 қыркүйекте атап өтілетін Ұлттық бірлік күніне орайластырып ұйымдастырылған деп айтылады.

4 шілдеде Лукашенко саяси тұтқындарға рақымшылық жасау туралы төртінші жарлыққа қол қойған еді. Шілде басында - 18 оппозиционер, тамызда 30 тұтқын босап шыққан. Олардың барлығы 2020 жылғы жаппай наразылық кезінде ұсталған. Қыркүйекте де 30 адам босатылды. Олардың кейбірінің аты-жөнін Азаттықтың Белорус қызметі атады.

  • 2020 жылы тамыздағы сайлаудан кейін Беларусь орталық сайлау комиссиясы Александр Лукашенконы сайлаудың жеңімпазы ретінде атаған. Оппозиция бұған келіспей, өздерінің кандидаты Светлана Тихановская жеңгенін айтқан. Бүкіл елде сайлаудағы бұрмалаушылықтарға қарсы және демократияны қолдаған жаппай наразылықтар басталды. Күштік құрылымдар наразылықты күшпен басып-жаншыды.
  • Құқық қорғаушылардың сөзінше, наразылықты басу кезінде кемінде кемінде 8 адам қаза болған. Билік мыңдаған қылмыстық іс ашты. Жүздеген адам түрмеге қамалды.
  • Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Беларусьте қазір мыңнан астам саяси тұтқын бар. Лукашенко кейбірін, әсіресе ауруға шалдыққандарға рақымшылық бойынша шешім қабылданатынын айтқан.
  • Шілде мен қыркүйек аралығында ресми мәлімет бойынша, 115 саяси тұтқын босатылған.
XS
SM
MD
LG