Ссылки доступа

Қошмамбеттегі азаптау ісі: Қаңтарда полицейлер қырғыз, өзбек, қазақ азаматтарын қалай азаптағаны айтылды


16 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарын азаптады деп күдікке ілінген алты полицейдің ісі бойынша сот талқылауы басталып, айыптау актісі оқылды.

Қошмамбеттегі азаптау ісі деп танылған істе полицейлер Бауыржан Сопақов, Нұрсұлтан Хамитов, Арман Шойбеков, Берік Әбілбеков, Олжас Айдарханов және Серік Тұрпанбаев күдікке ілінген. Олардың үстінен "Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар" және "Лауазымын асыра пайдалану" баптары бойынша іс қозғалған. Істе үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған.

Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды "анықтау операциясы" кезінде Алматы-Бішкек тас жолында ҰҚК-ның шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннің 99 азаматтарын ұстаған. Кейін олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Абақтыға кірген сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған.

"[Жәбірленушілерді] іш киімдеріне дейін шешіп, еденге бетін төмен қаратып қойған. Қолмен, аяқпен және автоматтың дүмімен денелерінің әртүрлі бөлігіне соққы жасаған. Негізсіз айыптар тағып, мойындауды талап еткен" делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісінде күдікті алты полицейден бөлек, азаптауға қатысқан аты-жөні анықталмаған полиция қызметкерлері жөнінде айтылады.

Жәбірленуші деп танылған 23 өзбекстандықтың адвокаты Айна Шорманбаеваның сөзінше, күдіктілер саны айып тағылған алты полицейден әлде қайда көп болуы тиіс. Себебі сол уақытта Қошмамбет абақтысында алты ғана полиция қызметкері болмаған.

– Менің ойымша, күдіктілер он есе көп болуы керек. Өйткені азаптағандар бұл алтауы ғана емес. Негізі Қошмамбетке 98 адам қамалған. Олардың барлығы жәбірленуші деп танылуы тиіс. Басынан бастап осыны айтып келеміз, – дейді Шорманбаева.

Сот барысында күдікті алты полицейдің алтауы да өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпыз деді.

Сот тыңдауы кезінде қорғаушы Айна Шорманбаева Қарасай аудандық сотына сенімсіздік білдірді. Адвокаттың өтініш хатында "Күдіктілер – Қарасай ауданының полиция қызметкерлері. Олар жұмыс барысында Қарасай аудандық сотының судьяларымен кездесуі мүмкін. Сол себепті біз Қарасай ауданы судьяларының барлығының істі әділ қарайтынына күмәніміз бар" деп жазылған.

Бірақ Қарасай ауданының судьясы Ралат Болатхан адвокаттың шағымын қарап, қабылдауға негіз жоқ деп шешті.

4 қыркүйекте өткен алдын ала сот тыңдауында да жәбірленуші тараптың тағы бір адвокаты Әлия Жанұзақова істі қарауда мүдделер қайшылығы болуы мүмкін екенін айтып, істі Қарасай ауданынан басқа ауданға ауыстыруды сұраған. Ол күдікті полицейлердің бірінің адвокаты Мәди Көшікбаев бұрын Қарасай ауданының судьясы болғанын алға тартқан. Мәди Көшікбаев бұл уәжге қарсы шыққан. Ол "бұрынғы судьялық қызметім қазіргі адвокат қызметіне әсер етпейді" деген.

Істі қарап жатқан судья Дінмұхаммед Адайбаев істі басқа ауданға ауыстыруға негіз жоқ деп, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмаған.

Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан "бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын" "мойындаған" жігіттің видеосы көрсетілген. Кейіннен оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені, оны полиция қызметкерлері азаптап, жалған куәлік етуге мәжбүрлегені белгілі болған. Іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің "Қаңтар оқиғасы кезінде елге Орталық Азия елдерінің бірінен террористер келді" деген мәлімдемесі сынға қалған.

XS
SM
MD
LG