Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов 26 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен кездесті. Бұл туралы Саидов Telegram-арнасына жазды.
Өзбекстан СІМ басшысының айтуынша, жүздесу барысында стратегиялық әріптестіктің өзекті мәселелері, сонымен бірге жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық барысы сөз болған.
"Бір елдің екінші бір елдің ішкі ісіне араласпау қағидасын сақтау аса маңызды екені атап өтілді" деп жазды Саидов.
Бұның алдынла Ташкенттегі №188 мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі сабақ кезінде алтыншы сынып оқушысын ұрғаны хабарланған. Баланың анасы оқушы орыс тілі пәнін өзбекше емес, орыс тілінде жүргізуді сұрағаны үшін таяқ жегенін айтқан. Артынша Ресей СІМ өзбек билігінен мәселенің ақ-қарасын анықтауды сұраған. Бұған қоса, Ресей СІМ Өзбекстанға "БАҚ-та жарияланған материалдардың қаншалықты заңды екенін анықтап, рас болса балаға қол көтерген адамға шара қолдану керектігін" ескерткен.
Ресей СІМ өкілі Мария Захарованың мәлімдемесіне Өзбекстан парламенті палатасының вице-спикері Әлішер Қадыров жауап берген.
"Өзбекстандағы мектепте баланың, Өзбекстан азаматының құқығы бұзылды. Өзбекстан халқы атынан қабылданған заңдарға сай шара қолданылады" деп мәлімдеген Қадыров.