Ссылки доступа

AFP: Франция соты Дуровты қамауда ұстау мерзімін созды


Павел Дуров
Павел Дуров

Франция соты Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровты қамауда ұстау мерзімін 48 сағатқа созды. Бұл туралы AFP тергеуге қатысы бар дереккөөзге сүйене отырып хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Дуровты қамауда ұстау ары кетсе 96 сағатқа созылуы мүмкін, содан кейін судья оны босатады, не айып тағады. Аса ауыр қылмыстарға (есірткі саудасы, терроризм) қатысы болған жағдайда ғана қамауда ұстау мерзімі 120-144 сағатқа созылуы мүмкін.

Дуровты босатпауы мүмкін екенін Bloomberg агенттігі де жазған. Мәліметтерге қарағанда, француз заңдарында азаматты қамауда ұстау мерзімі бір мәрте ғана созылуы мүмкін.

Франция билігі әзірге Дуров ісіне қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасамай отыр. Telegram командасы ғана осы іс туралы мәлімдеме таратты.

Онда Telegram компаниясының бас директоры Дуровтың жасыратын түгі жоқ, ол Еуропада жиі саяхаттайды, ал Telegram мессенжері Еуроодақ заңдарын, соның ішінде цифрлық қызметтер туралы заңды сақтайды деп жазылған.

"Бұл платформаны теріс пайдаланғанға платформа я оның иесі жауап береді деу – сандырақ", – деді Telegram тобы.

Дүниежүзіндегі миллиардқа жуық қолданушы Telegram-ды байланыс құралы және маңызды ақпарат көзі ретінде пайдаланады деп мәлімдеді компания.

24 тамыз кешке француз ақпарат құралдары Telegram-ның негізін қалаған Павел Дуров Франциядағы Ле-Бурже әуежайында ұсталды деп хабарлаған. Француз билігі Дуровтан жауап алып, уақытша қамауға алған. Бизнесмен Францияға Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып барған. Француз билігі әзірге бұл іске байланысты ресми түрде түсініктеме берген жоқ.

Ресейдің ТАСС мемлекеттік ақпарат агенттігі 25 тамызда Париж прокуратурасы Дуров ісіне байланысты 26 тамызда баспасөзге мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр деп жазды. ТАСС мұны прокуратураға сүйеніп хабарлады.

Дереккөздеріне сүйенген France-Presse ақпарат агенттігі Павел Дуров жақын арада сотта жауап береді деп жазды. Агенттік хабарлауынша, Дуровты тұтқындауға Францияның кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстарға қарсы күрес басқармасы (OFMIN) алаяқтық, есірткі саудасы, киберқауіп, ұйымдасқан қылмыс және терроризмді насихаттау сияқты заңсыздықтарды алдын ала тергеуге байланысты ордер берген. Дуровты платформадағы қылмыстық істерге қарсы шара қолданбады деп айыптап отыр. "Telegram-ның жазасыз қалуы тоқтатылсын", – деген France-Presse сөйлескен тергеушілердің бірі. Ол Дуровтың іздеуде екенін біле тұра, Парижге ұшып келгеніне таң қалғанын айтқан.

Дереккөзге сүйенген TF1 арнасының хабарлауынша, Дуров заңсыз есірткі айналымы мен балаларға байланысты қылмыс пен алаяқтықтың көбеюіне ықпал етіп отыр деген күдікке ілінген. Арнаның хабарлауынша, Дуровты тұтқындау туралы ордер бұрын шығып қойған, ол Францияға келгеннен кейін ордер күшіне енген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 25 тамызда "РИА Новости" агенттігіне Ресей Павел Дуровпен байланысуға рұқсат беруді талап етіп нота жіберді, бірақ Париж оның француз азаматтығын алға тартып отыр деді.

Ресейде туған Павел Дуров 2021 жылы Франция азаматтығын алған. Кейінгі жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрған, Telegram кеңсесі де сол елде орналасқан. Кәсіпкер Ресейден шамамен 10 жыл бұрын кеткен.

XS
SM
MD
LG