Құрама Штаттарда заңсыз миграция сайлау науқаны барысындағы маңызды мәселелердің біріне айналды. Осы мәселе президент жұмысында да көп қиындық туғызды, деп хабарлады Би-би-си.
Мамырдың аяғында Джо Байден АҚШ пен Мексика шекарасы арқылы елге заңсыз кіріп жатқан мигранттар көшін шектеуді көздейтін жарлық шығарған. Құжатқа сәйкес, АҚШ шекарасынан заңсыз өткендер осы елден пана сұрай алмайды. Мұндай шара шекарада мигранттар көбейіп кеткен уақытта қолданылады. Көші-қон қызметкерлері олардан пана сұрау өтінішін қабылдамастан елден шығару құзыретіне ие болады.
Ақ үй ел аумағында кем дегенде 10 жыл тұрып, АҚШ азаматтарына үйленгендердің жағдайын жеңілдету керек деп шешті. Оларға уақытша жұмысқа орналасуға рұқсат беріледі. Әкімшілік есебіне қарағанда, жаңа ережені жарты миллионнан астам адам пайдалана алады.