Ахмад Иброхим – Хатлон облысындағы жалғыз тәуелсіз "Пайк" газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторы. Ол 12 тамыздан бері қамауда отыр.
"Ахмад Иброхимнің ұсталуы Тәжікстанда медиаортада сыни журналистикамен айналысу қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді" деп мәлімдеді ұйымның Еуропа мен Орталық Азия елдері жөніндегі бағдарлама үйлестірушісі Гүлноза Саид.
"Тәжікстан билігі Иборхимді, сонымен бірге қазір кәсіби қызметі үшін түрмеде отырған тағы жеті журналисті босатуы тиіс" дейді ол.
Осының алдында тәжік оппозициясының шетелдегі екі ұйымы да журналист Ахмад Иброхимді босатуды талап еткен. Атап айтқанда, Тәжікстанды дамыту және реформалау қозғалысы "Пайк" бас редакторының ұсталуын сынап, биліктің бұл әрекетін "заңсыз", "адам құқықтарын аяққа таптау" деп атаған.
Тәжікстандағы саяси тұтқындар мен кепілде қалғандарды құтқару жөніндегі азаматтық комитеті 16 тамызда Тәжікстан билігін Ахмад Иброхимді босатуға шақырған. Ұйым оған тағылған айыптарды жалған деп атаған.
"Тәжік билігінің көздегені - сөз еркіндігі мен шындықты тұншықтыру" деп мәлімдеген ұйым.
Тәжікстандағы ресми мекемелер Ахмад Иброхимнің ұсталғаны туралы ештеңе хабарламады. Журналистің туыстары баспасөзбен тілдесуден бас тартып отыр.
Кейінгі екі жылда Тәжікстанда сегіз журналист пен блогер түрлі мерзімге сотталды. Билік оларды қылмысы үшін жазаладық деп отыр. Халықаралық ұйымдар Тәжікстанды "журналистерге арналған түрмеге" балайды.