Үшеуі де Орталық Азиядан барғандар, біреуінің орыс азаматтығы бар екені айтылды.
Олардың екеуі шабуыл жасағандарға қару-жарақ және көлік сатып алу үшін ақша аударған, үшіншісі көмек бергендерді ақшалай қаржыландыру үшін үгіттеген.
22 наурыз кешке "Крокусқа" шабуыл жасалды. Ғимаратта 6000-нан астам адам болған. Қарулы топ жұртқа оқ жаудырды, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәліметтер бойынша, шабуылдан 144 адам мерт болды, 380-нен астам адам зардап шекті. Тергеу комитеті 12 күдікті ұсталғанын хабарлаған. Олардың оны қамауға алынды, күдіктілдердің басым бөлігі — Тәжікстан азаматы.
"Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні өз мойнына алды. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды сол террор тобы ұйымдастырды деген ақпаратқа сенеді. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
Наурыздың басында Ресей ФСБ Калуга облысында "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған" Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені туралы хабар тарады. Ақпаратқа қарағанда, екі қазақстандық "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының "Хорасан уәлаяты" бөлімшесінің мүшелері болған. Бірақ олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді.