Ссылки доступа

Грузияда «шетел агенттері» туралы заңға қарсы митингіде тағы 11 адамды ұстады


Қақтығыстар кезінде милицияның бір қызметкері жараланған. Ол ауруханада жатыр. Бұл туралы Грузия ішкі істер министрлігі хабарлады.

Girchi-Meti либертариандық партияның жетекшісі Зураб Жапаридзенің айтуынша, түнде Тбилисиде парламент ғимараты алдында ұсталғандар соққыға жығылған. Партия жетекшісі оларды бір топ адам сабағанын айтты.

Белсенділердің хабарлауынша, полиция наразылыққа шыққандарға, соның бірге журналистерге де шамадан тыс күш көрсеткен. Полиция көзден жас ағызатын газ қолданған. Бұған қоса, наразылық өтіп жатқан орынға водометтар алып келген. Парламент маңында адамдарды тарату үшін дыбыс зеңбіректері байқалған. Басқа бір мәліметке қарағанда, ол байланысты өшіретін құрылғы болуы да мүмкін.

«Шетел агенті» туралы заң жобасына қарсы наразылық 15 сәуірде де өткен. Сол күні 14 адам ұсталған. Осылайша митингілер барысында барлығы 25 адам қамауға алынған.

2023 жылғы 7 наурызда Грузия парламенті «шетел агенттері» туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап, оның арты жаппай наразылыққа үласқан. 9 наурызда «Грузин арманы» партиясы мен «Халық бірлігі» қозғалысы заң жобасын парламенттен қайтарып алған.

Соған қарамастан, 2024 жылғы сәуірдің басында «Грузин арманы» заң жобасын қайтадан парламентке түсірген. Бұл жолы құжатта «шетел ықпалындағы агент» емес, «шетел мүддесін көздейтін ұйым» түсінігі пайдаланылған. 15 сәуірде заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған. 17 сәуірде парламентте заң жобасына қатысты тыңдау жалғасады.

XS
SM
MD
LG