Ссылки доступа

HRW: Таулы Бадахшандағы оқиғалар үшін ешкім жауапкершілікке тартылмады


Хорог. 16 мамыр, 2022
Хорог. 16 мамыр, 2022

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Тәжікстанның Таулы Бадахшан автоном облысында кем дегенде 34 адамның өмірін алған және ондаған жергілікті тұрғын қамауға алынған қанды оқиға үшін ешкім жауапкершілікке тартылмағанына алаңдаушылығын білдірді.

Ұйым мәлімдемесінде 2022 жылдың мамыр айында автоном облыстың Хорог қаласында және Рушан ауданында наразылыққа шыққандар "күшпен тарқатылғанын" атап өтіп, Тәжікстанның халықаралық әріптестеріне бұл оқиғаны ұмытпауға және ресми Душанбеден ол бойынша жауап беруді талап етуге шақырды.

Тәжік билігі бұл қанды оқиғаларды "антитеррорлық операция" деп атаған. Бірақ құқық қорғаушылар ол еркін ойлы белсенділерді күшпен басу әрекеті болғанын айтып келеді.

2022 жылдың мамыр-маусым айларында Таулы Бадахшанда наразылық акциясына шыққандарға билік күш қолданып басқан.

Ресми мәліметке сәйкес, операция басталған күннен бастап 17 маусымға дейін Рушан мен Хорогта 16 адам қаза болған. Бірақ БҰҰ дипломаттарының баяндамасында 40-қа жуық адамның қайтыс болғаны айтылған.

"Озоди" радиосы қайтыс болған 34 адамның аты-жөнін жариялады. Олар 30 жастан 57 жас аралығындағы Рушан ауданы тұрғындары.

Ел президенті Эмомали Рахмон "үкіметтің басқа шарасы қалмағанын", демонстранттарды тоқтатуға, одан кейін қамауға бұйрық бергенін 2022 жылдың 18 маусымында білдірген.

Таулы Бадахшан – Тәжікстанның шығысындағы 250 мыңдай адам тұратын биік таулы аймақ. Халықтың көбі этникалық памирліктер, олар памир тілінде сөйлейді. Шиіт ислам бағытын ұстанады және ханзада IV Карим Ага Ханды рухани лидер деп есептейді.

XS
SM
MD
LG