Ссылки доступа

Түркіменстанда мұнай платформаларының бірінде өрт шыққан


16 шілдеге қараған түні Каспий теңізінің түркімен акваториясындағы мұнай платформасында өрт шығып, ондаған адам жарақат алды. Бұл жөнінде Азаттықтың түркімен қызметі аталған платформаның жұмысшысына сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Біріккен Араб Эмиратында тіркелген Dragon Oil компаниясына тиесілі мұнай платформасында түнгі сағат 12-ге жақын жарылыс болып, онда 2 тоннаға жақын бензин және дизел майы бар болғандықтан, өрт шыққан.

Онда істеген 38 жұмысшының 25-і түрлі жарақат алып, бірнешеуі қаза болған. Құтқару қайықтары жанып кеткендіктен, көмек тек екі сағаттан кейін барған.

Dragon Oil компаниясы қаза болғандардың отбасына көмек көрсетіп, жарақат алғандарды шетелдік дәрігерлерге көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Түркіменстанның ресми басылымдары бұл өрт жөнінде ешқандай ақпарат бермеді.

Апат жөнінде алғашқылардың бірі болып 1 тамызда тәуелсіз Turkmen.news сайты жазған.

Dragon Oil компаниясы Түркіменстанда 20 жылдан бері істеп келеді. Ол бұл өлкеге 8 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Компания алдыңғы 15 жыл ішінде Түркіменстанға тағы осындай инвестиция салуды жоспарлап отыр.

XS
SM
MD
LG