Ссылки доступа

Запорожье атом электр станциясында ірі өрт болды


Ресей бақылауда ұстап отырған Украинаның Запорожье атом электр станциясында ірі өрт болды. Видеоны Украина президенті Владимир Зеленский жариялады. Ол өртке Ресей әскерін кінәлады. Ал Мәскеу керісінше Киевті айыптады. Тараптар радиация мөлшері қалыпты екенін мәлімдеді.

Запорожье облысының Ресей бақылап отырған бөлігінің жетекшісі Евгений Балицкийдің сөзінше, электр станциясының суыту жүйесі өртенген. Оның айтуынша, украин әскері станция орналасқан аумақ Энергодарды атқылағаннан кейін нысаннан өрт шыққан.

Украина жағы станцияны басып алған ресейлік әскер қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан өрт туындады деп мәлімдеді.

Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы 11 тамыз түнде "негізгі өрт сөндірілді" деп хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, градирняның ішкі құрылымына "ірі зақым" келген. Балицкийдің айтуынша, радиация мөлшері қалыпты деңгейде. "Энергодар мен барлық облысқа қауіп жоқ" деді ол.

1981 жылы салынған Запорожье АЭС-і - Еуропадағы ең ірі станция. Оның қуаттылығы - 6 мың МВатт. Қазір станция электр энергиясын өндіріп жатқан жоқ, бірнеше рет атқыланғаннан кейін реакторлар өшірілген.

Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова МАГАТЭ-ден оқиғаға реакция білдіруді талап етті.

Тараптар бір-бірін "ядролық бопсалаумен қорқытты" деп айыптады.

XS
SM
MD
LG