Оқиға куәгерлерінің Азаттыққа хабарлауынша, белгісіз біреу мүфтидің шекесіне пышақ сұққан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға 11 қыркүйекте кешке Душанбе орталық мешітінде болған.
Куәгерлердің айтуынша, шабуыл аср намазынан кейін жасалған. Әдетте намаздан кейін мешіттегілердің кейбірі мүфтимен амандасады. "11 қыркүйекте кешке мүфти мешітке жиналғандармен амандасып жатқан уақытта оған жас жігіт шабуылдады" дейді куәгерлердің бірі.
"Ол пышақты Абдулкодирзоданың шекесіне қадады. Басқалары құр қарап тұрмай, оны бірден ұстады. Сомони аудандық милиция бөлімі мешіт маңында орналасқан. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиға орнына тез жетті".
Мәліметтерге қарағанда, мүфтиді ауруханаға жеткізген. Жарақаты ауыр болмағандықтан оны үйге жіберген.
Құқық қорғау органдары шабуылдаған жас жігіттің кім екені туралы мәлімет бермей отыр. Азаттық мәліметінше, ол астана маңындағы аудандардың бір жас тұрғыны.
Абдулкодирзода 61 жаста. Ол Үлемдер кеңесінің төрағасы қызметін 2010 жылдан бері атқарып келеді.