Ссылки доступа

Нетаньяху Рафах жасалған соққыны қайғылы кездейсоқтық деп атады


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху парламентте сөз сөйлеп, Газа секторының оңтүстігінде Рафахтағы босқындар лагеріне жасалған шабуылды «қайғылы кездейсоқтық» екенін мойындады, бірақ «мақсатқа жеткенше» соғысты тоқтатпауға уәде берді.

Израиль армиясының 27 мамырға қараған түні Рафахқа жасағақ соққысынан, ХАМАС бақылауындағы Газа секторы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кем дегенде 45 адам қаза болып, жүздеген адам зардап шекті.

Нетаньяху қателік себебін түсіндірмеді. Бастапқыда Изариль әскерилері ЗАМАС кешендеріне дәл әуе соққысы жасалды, террористік топтың лауазымы жоғары екі мүшесі өлтірілді деп мәлімдеген. Соққы салдары мен одан кейінгі өрт зардаптары мәлім болғаннан кейін әскерилер бейбіт тұрғындардың қазасын тексеру басталғанын жариялаған.

Изарильдің Рафахқа жасаған соққысын халықаралық қауымдастық сынады. Олардың арасында гуманитарлық ұйымдар, БҰҰ және ЕО да бар.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сейсенбі күні шұғыл жиналыс өткізеді. AFP агенттігінің мәліметінше, осындай жиналыстың өтуін Қауіпсіздік кеңестің тұрақты емес мүшесі Алжир сұраған.

Франция президенті Эммануэль Макрон Израильден Газадағы әскери операцияны доғаруды талап еткен. Катар Рафахқа жасалған шабуыл бейбіт келіссөздерді қиындатады деп мәлімдеді.

Израиль Газа секторындағы әскери операциясын 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС ұйымының елдің оңтүстігіне жасаған шабуылына жауап ретінде ұйымдастырып отыр. ХАМАС шабуылынан 1200-ден астам бейбіт тұрғын қаза болып, 250-ден астам адам кепілге алынған. Израиль әскери науқан барысында «ХАМАС ұйымын толық жоюды көздейді».

XS
SM
MD
LG