Құжатты 150 депутаттың 83-і – биліктің "Грузин арманы" партиясының өкілдері және олардың жақтастары қолдады. Дауыс беруге оппозициялық партияның депутаттары қатыспады.
Заң жобасы біржола қабылдануы үшін үшінші оқылымда да қаралуы тиіс. Дауыс беру 17 мамырда болады деп күтіледі.
Грузия ішкі істер министрлігі 30 сәуірде Тбилисиде "шетел агенті" заңына қарсы митинг кезінде 63 адам ұсталғанын хабарлады. Бұл күні парламент заң жобасын екінші оқылымда қарап жатқан еді. Тбилисидің орталық көшесіне және парламент ғимараты маңында мыңдаған адам (кейбір ақпараттарда 15 мың адам) наразылыққа шықты.
Қарулы күштері наразыларды сумен атқылап, резеңке оқ атып, көзден жас ағызатын газ шашып таратқан. Желіде тараған видеода арнайы жасақ митинг қатысушыларын ұрып жатқаны байқалады. Митингіге келгендер арасында қанша адам зардап шеккені жайлы ақпарат жоқ. ІІМ мәліметінше, алты полицей зардап шеккен. Наразылық кезінде елдегі негізгі оппозициялық "Біріңғай ұлттық қозғалыс" партиясының төрағасы Леван Хабеишвили де таяқ жеген.
Ел президенті Саломе Зурабишвили наразыларды қолдап, бейбіт наразыларға күш қолдануды сынады. "Бұған үкімет жауапты. Грузия халқы бейбіт митингіге шығу құқығынан айырылды" деп жазды ол Х желісінде.