Алғашқы сайлау учаскелері Мәскеу уақытымен 14 наурызда түнгі сағат 23:00-де Чукотка мен Камчаткада ашылды.
25 ақпанда мерзімінен бұрын дауыс беру басталған. ОСК төрайымы Элла Памфилованың мәлімдеуінше, 2,3 млн адам мерзімінен бұрын дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясы Ресей мен шетелде 112 309 947 сайлаушы тіркеген.
Ресей президенті сайлауы аннексияланған Қырымда, Украинаның басып алынған Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарында да өтеді.
Сайлау бюллетендерінде төрт үміткердің аты-жөні жазылған. Олар: қазіргі президент Владимир Путин (өзін ұсынған), Владислав Даванков («Жаңа адамдар»), Леонид Слуцкий (ЛДПР) және Николай Харитонов (КПРФ).
Путин 2000 жылдан бері билікте отыр. Ол 2000-жылдары президент болып екі мәрте: 2000 және 2004 жылдары сайланған. Ол кезде президент мерзімі төрт жыл боғлан. 2008 жылы Путин сол кездегі үкімет басшысымен орын ауыстырған: Дмитрий Медведев президент, ал Путин үкімет басшысы қызметіне отырған.
2012 жылы Путин үшінші мәрте президент сайлауына түсті. Сол жылы президент құзыретінің мерзімі төрт жылдан алты жылға дейін ұзартылды. 2018 жылы ол төртінші мәрте президент атанды. 2020 жылғы жазда Ресейде Конституцияға түзетулер енгізіліп, Путин тағы екі мәрте президент сайлауына түсу арқылы билігін 2036 жылға дейін созуға мүмкіндік алды.