Осындай шара қолдануға Израиль мен Ливанның оңтүстігіне шоғырланған «Хезболла» радикал тобы арасындағы жанжалдың шиеленісуі себеп болған. 27 шілдеде «Хезболла» Израиль бақылауындағы Голан жотасында орналасқан Мадждаль-Шамс қаласын атқылаған. Шабуылдан 12 адам қаза болып, отыздан аса адам жараланған. Израиль «Хезболладан» кек алатынын мәлімдеген.
Дүйсенбі күні Германия сыртқы істер министрлігі Ливанда жүрген неміс азаматтарын осы елден тез арада кетуге шақырды. Deutsche Welle мәліметінше, министрліктің дағдарыс тізімінде шамамен 1300 адам бар. Германияның Бейруттағы елшілігі азаматтарға елден кетуге қолғабыс етіп жатыр.
Италия, Норвегия және Бахрейн биліктері де азаматтарын Ливанда қалмауға шақырған. АҚШ мемлекеттік департаменті азаматтарға STEP бағдарламасын жүктеп, СІМ ескертуін дер кезінде алып отыруға кеңес берді.
Әуе компанияларының бірқатары Ливанға ұшуды доғаратынын мәлімдеді. Lufthansa, Swiss Airlines және Eurowings Бейрутқа жасайтын рейстерін кем дегенде 6 тамызға дейін тоқтатқан. Aegean Airlines, Qatar Airways, Air France және Austrian Airlines рейстер санын қысқартып, ұшу кестесінде тағы өзгеріс болуы мүмкін екенін ескертті.
ХАМАС тобының Израильге шабуылы және Газа секторындағы әскери қимылдар Ливанмен шекарадағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. «Хезболламен» атыс күнде болып тұрады. Израиль 1967 жылдан бері Голан жобасын бақылауда ұстап отыр, алайда әлемдегі елдердің дені осы жердің аннексиясын мойындамай, оны Сирия аумағы деп есептейді.
Бірнеше елдің билігі Ливанда жүрген азаматтарына осы елден тез арада кетуге, қалғандарына онда бармауға кеңес берді. Атап айтқанда, Германия, Италия, Норвегия және Бахрейн елдерінің биліктері осындай мәлімдеме таратты.