Түркіменстанда азаматтардың кейбірін шетелге шығармай жатыр.
24 шілдеде Ашғабат әуежайында Ресейде жұмысқа бара жатқан бірнеше азаматты рейске жібермей қойды. Солардың арасында болған 38 жастағы тұрғын әуежай әжетханасына кіріп, күре тамырын кескен. Бірақ оны полиция қызметкерлері тауып алып, құтқарып қалған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Түркіменабад тұрғынын жүйке аурулары ауруханасына жатқызуға әрекеттеніп жатыр. Ер азамат ауру қызын емдеу үшін Ресейге жұмысқа бара жатқан. Мәскеуге ұшатын ұшаққа өте алмаған тағы бір азамат өзін өлтіруге талпынған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, ол да тамырын кескен.
Жергілікті бақылаушылардың хабарлауынша, билік еш себепсіз азаматтардың шетелге шығуын шектеп жатыр. Елдегі ауыр дағдарыстан титықтаған азаматтар шетелден жұмыс іздеуге мәжбүр. Шетелге оқуға баратын студенттер ұшаққа отыру үшін әуежай қызметкерлеріне пара береді.