Ссылки доступа

"Ведомости": 9 мамырда қырғыз президенті Мәскеуге барады


Путин мен Жапаров
Путин мен Жапаров

Ресей жеңіс күнін атап өтетін 9 мамырда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мәскеуге барады.

Соған қарағанда, ол жеңіс күні Ресей астанасына келетін жалғыз шетел басшысы болатын сияқты, деп жазды "Ведомости". Басылым мәліметті президент әкімшілігіне жақындығы бар дереккөз бен дипломатиядағы дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады. Жапаровтың сапары туралы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков басылымның басқа да шетел басшысы келе ме деген сауалына жауап бермеді.

2022 жылғы 9 мамырда Мәскеуде өткен мерекелік шеруге шетел басшылары қатысқан жоқ. Бұл шеру Ресейдің Украина аумағына басып кіргеніне 2,5 айдан соң ұйымдастырылды. Песков сол кезде Кремль шетелден қонақ шақырылған жоқ деп мәлімдеген. "Өйткені мерекеге жұмыр жыл толып отырған жоқ", - деп түсіндірген президент хатшысы. Биыл да жұмыр жыл емес - Ресей 1945 жылы фашистік Германия жеңілгеніне 78 жыл толуын атап өтеді. Кремль Жапаровтан басқа тағы кімдерді шақырғанын хабарламады.

Алдыңғы жылдары 9 мамырда Мәскеудегі шеруге шетел қонақтары көп келетін. Қырым аннексияланғаннан кейінгі 2015 жылдың өзінде қызыл алаңдағы шеруге 20-дан аса шетел басшысы қатысқан. Олардың дені ТМД елдерінен келген. Батыс басшылары кейінгі жылдары бұл шеруге бармай жүр.

Ресейдің бірнеше аймағы және аннексияланған Қырым биыл 9 мамырда жеңіс шеруін өткізуден бас тартты. Бұған қоса билік биыл "Өшпес полк" дәстүрлі шеруін өткізбейтін болды.

Дүйсенбі күні Қазақстан да "қаражатты үнемдеу және басқа да мәселелерді шешуге байланысты" биыл жеңіс күні құрметіне шеру өткізуден бас тартқаны жарияланды.

XS
SM
MD
LG