Ссылки доступа

Юрий Шевчук Астанада өткен концертінде Навальныйға арнап "Бостандық" әнін айтты


Юрий Шевчук
Юрий Шевчук

"ДДТ" рок тобының лидері Юрий Шевчук Астанада өткен концертінде "Бостандық" атты белгілі әнін Алексей Навальныйға арнады.

"Күн қайта шығады. Алдыңғы күні Алексей Навальный қаза болды. Ол бізге, ресейліктерге еркіндік жөнінде айтқан. Біздің бәріміздің еркін бола алатынымызды еске салып тұрды. Ол бостандықсыз сенім – фанатизм екенін, бостандықсыз еңбек – құлшылық екенін, бостандықсыз сүю – деспотия екенін айтты. Бостандықсыз ешнәрсе болмайды", - деді Шевчук.

"ДДТ" лидері осыған дейін де саяси тұтқындарды, оның ішінде Алексей Навальныйды қолдап сөйлеген. Ол болашақта Навальныйдың президент болғанын қалайтынын айтқан.

Ресей Украинаға қол салғаннан кейін Шевчук президент Владимир Путиннің бұл шешімін ашық айыптаған. Осыдан кейін Ресейде оның концертіне тыйым салған. Шевчуктың өзіне Әкімшілік кодекстің "Қарулы күштердің қызметін дискредитациялау" бабы бойынша айып тағып, 80 мың рубль көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген.

16 ақпанда Алексей Навальныйдың Ямалдағы абақтыда қаза болғаны хабарланды. Әзірге оның өлімінің ресми себептері айтылмады. Билік тексеру жүріп жатқанын айтып, Навальныйдың денесін туыстарына бермей отыр.

Оппозиционердің анасы Людмила Навальная бірнеше күн бұрын ұлымен кездесуге барғанын, ол өзі жақсы сезінгенін, денсаулығына шағымданбағанын жеткізген.

Навальныйдың жағдайы жақсы болғанын, оның 15 ақпанда Владимир облыстық сотында өткен отырыста видеобайланыс арқылы қатысқан видеода растайды.

XS
SM
MD
LG