Ссылки доступа

Тәжікстан күштері тағы бір азаматты тәжік-ауған шекарасы маңында ұстады


Тәжікстанда Истаравшан қаласының 22 жастағы тұрғыны тәжік-ауған шекарасына жақын маңда ұсталды.

Ресми мекемелер ол туралы ешқандай мәлімет таратпады, бірақ тергеуге қатысы бар дереккөздің Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлауынша, жас жігіт Ауғанстанға заңсыз өтіп, сол жерде экстремистік топқа қосылмақ болған.

Истаравшан қаласы Жавкандак ауылының тұрғыны Ромиз Камолов Таулы Бадахшан автономиялы облысының әкімшілік орталығы – Хорог қаласында мамырда ұсталған. Дереккөздің айтуынша, Ромиз «Вандж ауданының бірнеше тұрғынымен бірге Ауғанстанға өтуді көздеген».

Қазір Ромиз Камолов Душанбедегі тергеу изоляторында отыр. Оның үстінен «қылмыстық топ құру», «экстремистік ұйым қызметін ұйымдастыру» баптары негізінде қылмыстық іс қозғалған.

Күдіктінің әкесі Сухбат Камолов журналистермен тілдесуден бас тартты.

Мамырдың екінші жартысында Тәжікстан ІІМ Вандж ауданы Язгулум жамағатының 30-дан астам тұрғынын ұстау мақсатында операция ұйымдастырған. Билік ол туралы ресми мәлімет таратпай отыр. Дереккөз мәліметінше, 25 күдіктіге елде тыйым салынған «Ансоруллох» ұйымына мүше болды, «Тәжікстанда теракт жасауға оқталды» деген айыптар тағылған.

Тәжікстан мен Ауғанстанның 1 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар.

XS
SM
MD
LG