Ссылки доступа

Кемпірабад дауы: Үзген ауданының тұрғындары тағы акция өткізді


Қырғызстанда Ош облысының Үзген ауданына қарасты Қызыл-Октябрь ауылының елу шақты тұрғыны Кемпірабад су қоймасына қатысты мәселені көтеріп, тағы наразылық акциясына жиналды.

Олар билік өкілдерінің ауданға келіп, Өзбекстанға берілген жерлерді көрсетуін талап етті.

"Жиналған адамдармен милиция қызметкерлері сөйлесіп жатыр. Олар тұрғындарға мұндай киіз үй тігуге болмайтынын айтты. Олар тұрғындар тіккен киіз үйді түнде алып тастаған. Бірақ адамдар ауданға мамандар келіп, берілген жерлерді көрсетуін талап етіп тұр", - дейді жергілік тұрғын Қадырбек Қарабаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Тұрғындар Кемпірабад су қоймасының мәселесін талқылау үшін 16 қазанда құрылтай өткізетінін айтты. Бұның алдында жергілікті тұрғындар мерзімсіз наразылық акциясын жариялап, сол жерге киіз үй тігіп қойған. Алайда милиция қызметкерлері оны түнде алып тастап, митингіні аяқтауды талап еткен.

4 қазанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Үзген ауданының тұрғындарымен кездескен. Мемлекет басшысы бұның алдында су қоймасы Өзбекстан жағының толық бақылауында болғанын, енді тараптар бөгетті "теңдей" басқару үшін бірлескен кәсіпорын құруға келіскенін айтқан.

Бұған қоса, президент Кемпірабад су қоймасына қатысты "жұртты адастырып жүрген" қырғызстандықтарға ескерту жасап, оларға қарсы "қатаң шара" қолдануға бұйрық беретінін мәлімдеген.

Жогорку Кенеш депутаты, "Бутін Қырғызстан" фракциясының жетекшісі Адахан Мадумаров парламент отырысында президент Садыр Жапаровтың Үзген ауданының тұрғындарымен кездескені туралы баяндады.

Мадумаровтың пікірінше, мемлекет басшысының бұл кездесуі "қойылымға" көбірек ұқсайды. Депутат басшылыққа Үзген ауданы тұрғындарының пікіріне құлақ асуға кеңес берді. Аудан тұрғындары Кемпірабад су қоймасына қатысты билік шешіміне қарсы шығып отыр.

Қыркүйектің аяғында Ош облысы Үзген ауданында наразылық акциясы өтіп, қырғыз билігі Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға береді дегенді естіген жергілікті тұрғындар шекараға қатысты хаттаманы президенттің өзі түсіндіруін талап етті.

Бұның алдында Қырғызстан мен Өзбекстанның қырғыз-өзбек шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары хаттама қабылдағаны хабарланған.

Наурыз айында Ташкентте өткен келіссөздерден соң Қырғызстан ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев су қоймасындағы бөгет өзбек жағының бақылауында қалады, алайда су ресурсын тараптар бірге қолданады деп мәлімдеген. Содан бері Қырғызстанда билік шешіміне қарсы бірнеше наразылық акциясы өтті.

XS
SM
MD
LG